«Беркут» клубының тәрбиеленушілері жаттығу барысында футбол тарихында қолданылған әртүрлі тактикалық құрылымдарды зерттеуде. Бұл оларға тактикалық ойлау қабілетін дамытуға, алаңдағы өз рөлдерін жақсы түсінуге және командадағы серіктестерімен тиімді өзара әрекеттесуге көмектеседі.
Төменде олар зерттеп жатқан кейбір схемалардың сипаттамасы берілген.
2-3-5 («пирамида»)
Бұл схема — футбол тарихындағы ең алғашқы және үстемдік еткен жүйелердің бірі, әсіресе XX ғасырдың басында. Ол шабуылда көптеген ойыншының болуын қамтамасыз етеді, бірақ қорғанысты осал етеді.
3-2-5 («W-M»)
1920-жылдары «Арсенал» клубының бапкері Герберт Чепмен жасаған бұл схема офсайд ережелеріндегі өзгерістерге жауап ретінде пайда болды. Мұнда үш қорғаушы, екі тірек жартылай қорғаушы және бес шабуылшы бар. Шабуылда бұл схема «W» әрпіне, ал қорғаныста «M» әрпіне ұқсайтын. Бұл жүйе 2-3-5 схемасымен салыстырғанда сенімдірек қорғанысты қамтамасыз етті және 1930–1950 жылдары кеңінен қолданылды.
4-2-4 («бразилиялық» схема)
Бұл схема алғаш рет 1958 жылы Бразилия құрамасы тарапынан тиімді қолданылды. Ол төрт қорғаушыдан, екі орталық жартылай қорғаушыдан (біреуі — тірек, екіншісі — шығармашылық ойыншы) және төрт шабуылшыдан тұратын теңгерімді жүйе болды. Бұл модель кейінгі 4-3-3 және 4-4-2 секілді заманауи схемалардың негізіне айналды.
Катеначчо
Бұл қорғаныстық жүйенің атауы итальян тіліндегі "catenaccio" сөзінен шыққан, мағынасы — «құлып», «бұғаттау». Ол Италияда пайда болып, 1960–1970 жылдары кеңінен танымал болды. Схема тығыз қорғанысқа, либеро (еркін қорғаушы) қолдануға, жеке қорғанысқа және жылдам қарсы шабуылдарға негізделген.
Азырбақытов Ж.