«Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе»
Қазақ тілі сабағындағы көзделген мақсат - оқушыларға сабақта үйренген сөздерін ауызекі сөйлеуде, сөйлем құрауда дұрыс қолдана білуге үйрету. Ол үшін сабақта сергіту жаттығуларымен қатар жаңа тақырыпты, жаңа сөздерді меңгерту, өткенді пысықтау мақсатында білімді ойынмен ұштастырып, ойын түрлерін қолдану тиімді.
«Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе», - деп М. Жұмабаев атап көрсеткендей, оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілі сабағында орынды қолданылған ойын элементтері оқушылардың ынтасын арттырып, білім дағдыларын игеріп, іскерліктерін шыңдауға өз септігін тигізеді.
Демек, ойынды белгілі бір тақырыпқа байланысты сабақтың басында өткізсек, өткен сабақты еске түсіруге көмегін тигізеді. Сабақтың ортасында –көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында - тақырыпты бекіту, сабақта алған білімдерін жинақтау мақсатын көздейді.
Ойын элементтерін қолдану 1-4 сыныптарда өте тиімді деп ойлаймын, себебі тез жазу, оқу, мазмұндау дағдылары қалыптаспаған оқушыларды бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын технологиясы керісінше пәнді сүюге, қызығуға ықпал жасайды.
Ойынның көптеген түрлері бар. Мысалы: сюжеттік ойындар, дене шынықтыру ойындары, дидактикалық ойындар, т.б. Ойын элементерін пайдаланудың маңызы өте зор. Мысалы: дидактикалық ойындар баланың ақыл – ойын дамытып, сабаққа деген қызығушылықтарын арттырады. Тіпті нашар оқитын балалардың өздері де ойын элеметтері араласқан сабаққа зор ынтамен жігерімен қатысады .
Ұстаз мақсаты - қалай болғанда да шәкірттеріне білімді меңгерту. Ал,
ойын – қазақ тілін оқытудағы ең бір тиімді тәсілдерінің бірі деп ойлаймын.